Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды
Өскеменде есепші қызмет жағдайын пайдаланып, 4,3 млн теңгені иемденіп алған, деп хабарлайды Polisia.kz.
2 маусымда Өскемен қалалық ПБ Ертіс ПБ-нің “102” жедел арнасына қаладағы ЖШС бірінің филиал басшысының өтініші түскен. Жәбірленуші кәсіпорынның бұрынғы бухгалтері пайдакүнемдік мақсатта өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, ақша қаражатын иемденгенін айтты.
«Қаскүнемнің әрекеті салдарынан ЖШС-ға 4,3 млн теңгеден астам сомаға залал келтірген. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері 31 жастағы күдіктіні ұстады, жауап алу кезінде ол өз кінәсін мойындады», - делінген ақпаратта.
Ұсталған азаматқа қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 189-бабы 2-бөлігі (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.