Жас өркен ауданында салынып жатқан 900 орындық мектеп құрылысының тоқтап қалуына осы нысан себеп болған
Бүгін таңертең Петропавл қаласы Алтынсарин көшесінде орналасқан 71-ші үй өртеніп кетті. Жас өркен ауданында салынып жатқан 900 орындық мектеп құрылысының тоқтап қалуына осы нысан себеп болған еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қалалық әкімдік үйдің дәл іргесінде 900 орындық мектеп құрылысын бастаған болатын. Қожайындардан жер телімін мемлекет меншігіне алу үшін шенеуніктер жалпы аумағы 120 шаршы метрді құрайтын екі пәтер ұсынған. Бастапқыда келісіп, кейін ойынан айнып қалған қожайындар коттедж үшін төрт пәтер талап еткен. Екі жақ бір мәмілеге келе алмаған соң, дау сотқа жеткен еді. Әзірге сот шешімі шыққан жоқ. Жоспар бойынша биыл желтоқсан айында тапсырылуы тиіс 900 орындық мектеп құрылысы тоқтап тұр. Ал бүгін атышулы мекенжайда орналасқан үй өртеніп кетті.
«Ағаш үйдің төбесі түгел күйіп кетті. Жапа шеккендер жоқ. Өрттің шығуының себебі анықталуда. Алдын-ала ештеңе айта алмаймыз. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 21 адам мен 4 техника жұмылдырылды. Оқиға орнында полиция департаментінің жедел іздестіру тобы мен өрт сынақ зертханасы жұмыс істеп жатыр. Шығын көлемі де есептелуде», - дейді СҚО ТЖ департаментінің бас маманы Евгений Журавлев.
Үйдің жалпы аумағы 200 шаршы метр. Бірінші қабатында гараж, қойма сынды қосалқы бөлмелер орналасқан. Қожайындар екінші қабатта ғана тұрған. Өрт шыққан кезде үйде ешкім болмаған. Тұрғындар күнде итті тамақтандыру үшін ғана келіп тұрған. Бақылау камераларына үйге ер адамның кіргені түсіп қалған. 15 минуттан кейін өрт басталған. Одан кейін «шақырылмаған қонақтың» қашып кеткені де көрініп тұр. Үй маңындағы қора-қопсыны қосқанда 285 шаршы метр аумақ өртенді.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО