Жақында Алматы облысында Үшарал қаласында өтетін семинарға жеке көлікпен шыққан мұғалімдер қаза тапты
Кеше сайтымызда «Алматы облысында жеке көлікпен семинарға шыққан мұғалімдер жол апатынан қаза тапты» деген тақырыппен ақпарат жарияланды. Оқиға 29 қаңтар күні сағат 10:00 шамасында «Тентек» өзенінің көпірінде болған. Көлік апатынан екі адам қаза тауып, 1 адам ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне, 1 адам травматология бөліміне түсті. Бір адам қолхат жазып, соның негізінде үйіне жіберілген.
Бүгін осы жағдайға байланысты Алматы облысы білім басқармасы басшылығы ресми жауап берді. Басқарманың хабарлауынша, білім беру ұйымдарының қызметкерлері үшін іссапарға мемлекет тарапынан көлік қарастырылмайды екен.
«Іссапарға жіберілген білім беру ұйымдарының қызметкерлерін тасымалдау үшін мемлекет тарапынан көлік бөлінуі қарастырылмайды. Қызметкерлер іссапарға жолаушыларды тасымалдау көліктерімен жүреді. Іссапар мерзімінде негізгі жұмыс орны бойынша жалақысы сақталады», - делінген басқарма басшысының орынбасары Ж. Сүлейменованың жауабында.
Жол апатына ұшыраған көлікте бес адам болған. Көлік тізгінінде Алакөл аудандық білім бөлімінің бас маманы Ақмарал Атенбекова болған екен.
«Алакөл ауданының білім бөлімінің жұмыс жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың 29 қаңтар күні Үшарал қаласында «Оқушыларды тегін тамақтандыруды ұйымдастыру» тақырыбында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына арналған семинар өткізілу жоспарланған. Көліктің тізгінінде болған білім бөлімінің бас маманы Атенбекова Ақмарал Қабанбай ауылының тұрғыны. Жұмысқа (Үшарал қаласына) өз көлігімен шыққан. Көлікке №1 Қабанбай орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айкенова Лаура, Сапақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ибраева Айгүл, №3 Қабанбай орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ибраимова Ботагөз және осы мектептің психологы Байбатырова Айжан жолдан отырған. Байбатырова Айжан мектеп директорынан отбасы жағдайына байланысты 3 сағатқа сұранып, аудан орталығына бару үшін көлікке қосымша отырған», - делінген жауапта.