$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.01.2020, 12:01
Оқиғалар

Алматы облысында жеке көлікпен семинарға шыққан мұғалімдер жол апатынан қаза тапты

Оқиға 29 қаңтар күні сағат 10:00 шамасында «Тентек» өзенінің көпірінде болған

Алматы облысында жеке көлікпен семинарға шыққан мұғалімдер жол апатынан қаза тапты
Фото: ашық дереккөзден

Алматы облысының Үшарал қаласында өтетін семинарға жеке көлігімен бара жатқан мұғалімдер жол апатынан қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq rýhy тілшісі.

Ал, жұмыс барысымен Нұр-Сұлтанда жүрген Алакөл аудандық білім бөлімінің жетекшісі Мәулен Төлеужанов олардың іссапарға келетін басқа көлігі жоқ дейді.

Алакөл аудандық білім бөлімінің ресми мәліметіне сүйенсек, 29 қаңтар күні, таңғы сағат 10:10 шамасында аудандық білім бөлімінің бас маманы Ақмарал Атенбекова өзінің жеке көлігімен Қабанбай ауылынан Үшарал қаласына жұмысқа келе жатқан уақытында «Тентек» өзенінің көпірінде қарама-қарсы келе жатқан ауыр жүк көлігімен соқтығысқан. Көлік салонында Қабанбай аймағынан келе жатқан 3 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және 1 мектеп психологы болған. Жол апаты салдарынан 2 жолаушы оқиға орнында көз жұмды: Сапақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары 1975 жылы туған Айгүл Ибраева мен Қабанбай орта мектебінің психологы, 1990 жылы туған Айжан Байбатырова.

1 адам ауруханаға ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне, 1 адам травматология бөліміне түсті, 1 адам қолхат негізінде үйіне кеткен.

«№3 Қабанбай орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 04.11.1974 жылы туған Ботагөз Ибраимова жансақтау бөліміне, 27.02.1982 жылы туған Ақмарал Атенбекова (көлік иесі -авт) травматология бөліміне түсті. №1 Қабанбай орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лаура Айкенова қолхат беріп үйіне кетті», - деп хабарланған ресми хабарламада.  

Белгілі болғандай, төрт ұстаз 2020 жылы мектептерде оқушыларға тегін ыстық тамақты ұйымдастыру бойынша мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен мектеп арендаторларына арналған семинар-кеңеске келе жатқан. Семинарды Үшарал қаласында аудандық білім бөлімі ұйымдастырған. Бір мұғалім, яғни, №3 Қабанбай орта мектебінің психологы Айжан Байбатырова Нұржанқызы Үшарал қаласына өз жұмыстарымен келе жатқан.

«Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақамбаевтың тапсырмасына сәйкес қызметтік тексеру басталды. Тексеру қортындысына бойынша кінәлілер жауапқа тартылады. Олардың осы іс-сапарына қатысты тиісті бұйрық шыққан. Ал, семинарға қандай көлікпен келетінін олар өздері шешеді», - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

Азаттық рухы тілшісімен телефон арқылы сөйлескен аудандық білім бөлімінің басшысы Мәулен Төлеужанов ұстаздарды семинарға әкелетін қоғамдық көлік жоқ екенін хабарлады.

«Олар Үшарал қаласында өтетін жоспарлы семинарға бара жатқан. Көліктері тайғанап кетті ме, оны құзырлы органдар тексереді. Семинарға олар бір ұстаздың жеке көлігімен келе жатқан. Басқа немен келеді? Автобус жоқ, ауыл-ауылдан таксимен жүреді», - деді ол.

Үшарал қаласының аудандық ауруханасынан білгеніміз, қазір жараланған мұғалімдердің жағдайы бірқалыпты. Білім басқармасына хабарласып, ұстаздар іссапарға неге өз көліктерімен шыққанын, Білім министрлігінен ұстаздарды семинарға жібергенде жол тасымалы қалай ұйымдастырылу керектігін сұрадық. Министрлік әзірге жауап берген жоқ.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары