Өрт салдарынан мерт болғандар мен жарақаттанғандар жоқ
Шығыс Қазақстан облысында өрт сөндірушілер оқиға орнына жаяу жетуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
29 қаңтар күні Бесқарағай ауылындағы өрт сөндіру қызметіне 35 шақырым қашықтағы Қарабас ауылындағы үй өртеніп жатыр деген ақпарат келіп түскен. Жауынгерлік есеп дереу шақыру орнына шыққан. Алайда жолды қалың қар басып тастағандықтан, өрт сөндіру машинасы жанып жатқан үйге жете алмаған.
Әр секундтың шешуші рөл атқаратынын ескерген өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері еш кідірместен от шарпыған үйге жаяу кетеді. Жолсызбен 2,5 шақырымды жер жүріп, ауылға жеткен кезде отқа оранған үйді көреді. Үй ағаштан салынған екен және толығымен дерлік жанып кеткен. Алайда үй жанындағы шаруашылық құрылыстарын өрттен аман алып қалу қажет еді.
Өрт сөндірушілер оларға қар лақтырып, артынша өртеніп жатқан үйдің ағаш конструкцияларын бұза бастайды. Өрт сөндіру көлігі өрт орнына жергілікті кәсіпкердің техникасымен жолды тазалағаннан кейін 2 сағаттан соң ғана жете алған және өрт кешкі сағат 20.00 шамасында ауыздықталған.
Өрт салдарынан мерт болғандар мен жарақаттанғандар жоқ.
«18 жыл қызмет етіп жүріп мұндай жағдайға алғаш рет тап болдым. Өрт орнына қалың қарда жаяу жетіп және өртті қармен өшіргеніміз өмір бойы есте қалатын шығар. Үй толығымен ағаштан салынып, лакпен өңделіпті, сондықтан да болар, сіріңке қорабындай лезде лап етіп жанып кеткен» – дейді бөлімше командирі Игорь Кизь.
Мамандар өрт жылыту пешін пайдалану және салу кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамағаннан шығуы мүмкін деген болжамды қарастыруда.