Заң бұзғандарға 3,2 миллион теңге айыппұл салынып, кейбіреуінің үстінен қылмыстық іс қозғалды
2022 жылдың басынан бастап Алматы қаласының кеденшілері 528 млн теңгені заңсыз алып өтпек болғандардың жолын кесті. Жеке тұлғалар ақшаны Алматы қаласының әуежайы арқылы әкетуге тырысқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Жетісу» кеден бекетінің қызметкерлері осы жылдың басынан бастап ҚР ӘҚБтК-нің 551 және 545-баптары бойынша 103 әкімшілік материал толтырған, сондай-ақ қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар 13 факт анықталған.
«Анықталған немесе декларацияланбаған қолма-қол ақша қаражатының сомасы 528 млн теңгеден асты. Осы заңбұзушылықтар бойынша салынған айыппұл сомасы 3,2 млн теңгені құрады», - делінген ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің мәлімдемесінде.
Осылайша, қаңтарда Алматы - Абу-Даби бағытындағы әуе рейсінің кедендік бақылауынан өткеннен кейін ұшып шығу залында ҚР азаматы ұстады. Оның сөмкесінен 57 000 АҚШ доллары мөлшерінде декларацияланбаған қолма-қол ақша қаражаты табылды.
Ақпанда Алматы-Ыстамбұл әуе рейсіне жүргізілген кедендік бақылаудан кейін 97 000 АҚШ доллары мөлшерінде декларацияланбаған қолма-қол ақша қаражаты табылған ҚР азаматы тоқтатылды. Материал Экономикалық тергеу департаментіне берілді. Азаматшаға ҚР Қылмыстық кодексінің 234-бабы бойынша (экономикалық контрабанда) қылмыстық іс қозғалды.
«Мамырда Сеул-Алматы бағытындағы әуе рейсінің кедендік бақылауынан өткеннен кейін ұшып шығу залында ҚР азаматы тоқтатылды, әйел адамнан 12 000 АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша қаражаты табылды.
Маусым айының басында ұшып келу залында Дубай-Алматы әуе рейсіндегі тексеріс кезінде ҚР азаматы тоқтатылды, одан жеке тексеру барысында 23 200 АҚШ доллары анықталды. Әйел адам әкімшілік құқықбұзушылық үшін жауапкершілікке тартылды», - делінген ақпаратта.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 14 наурыздағы № 830 жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әкету күніне белгілеген бағам бойынша есептелген және 10 000 (он мың) АҚШ доллары баламасынан асатын сомадағы қолма-қол шетел валютасын әкетуге тыйым салынған.