Алматыда жұмысшылар жаңбыр суы жиналған шұңқырларға асфальт төсеген

Azattyq Rýhy

Жаңбыр суына толы шұңқырға асфальт төсегендердің әрекеті көптің ашуын туғызды

Алматыда бір топ жұмысшы жаңбырдан кейін жиналған судың үстіне асфальт төсеген. Мұны әлеуметтік желі қолданушылары жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Бұл келеңсіздік Ақсай ықшамауданында болған. Жаңбыр суына толы шұңқырларға асфальт төсегендердің әрекеті көптің ашуын туғызды. Жұмысшыларды мұнда қай мердігер компания жібергені белгісіз.

Әуезов ауданы әкімдігі бұл мәселені тез арада анықтап, жолды қалпына келтіруге уәде етті.

«Ақсай-3, 87 үй ауласында жаңбыр кезінде асфальт салу фактісі бойынша біз міндетті түрде ол жаққа шығып, мердігер мекемені белгілеп, жұмыс жасаймыз. Асфальт төсенішін міндетті түрде қалпына келтіреміз», - деді Әуезов ауданы әкімдігі коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы Азат Қакетаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.