«Алаяқ компания үйімді заңсыз жолмен сатып жіберді»: ретро көліктерді жинаушы биліктен көмек сұрайды

Автор: Әйгерім Ердәулет

Ол «Жамбыл Жабаев», «Бауыржан Момышұлы» секілді тарихи фильмдерде өзі жинақтаған ретро стильдегі 25-тен астам көлік пен пойыз вагондарын түсірген

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Мейіржан Кәрібаев ескі көліктерін қайта жөндеуден өткізіп, 30 шақты киноға түсірген. «Қазақфильм» ұжымымен етене жұмыс істейтін өнер жанашыры туған жері Тараздан Алматыға біржола көшуді ұйғарыпты. Алайда алып шаһардан ауласы кең жер үй сатып аламын деп жүріп, алаяқтарға алданып қалыпты. Azattyq Ruhy тілшісі Мейіржан Кәрібаевқа хабарласып, мәселенің жай-жапсарын анықтап білді.

«Балалық шағымның аспаны», «Анаға апарар жол», «Қажымұқан», «Тамыр», «Композитор», «Аманат», «Ақын», «Жамбыл Жабаев», «Бауыржан Момышұлы» секілді тарихи фильмдерде өзі жинақтаған ретро стильдегі 25-тен астам көлік пен пойыз вагондарын түсірген.

«Алматыдан жер үй іздеп едім. Алаяқтарға ұрынамын деп ойлаған жоқпын. Компания басшысы сотталғанымен, онымен бірге жымысқы әрекеттерге барып, мені жетектеп нотариуске апарған қызметкер сытылып кетіп отыр. Алаяқтықпен айналысқан компания үйімді заңсыз жолмен сатып жіберген. Ал үйімді компания арқылы сатып алған әйел енді келіп, есік-тереземе, аулада тұрған құнды көліктеріме тас лақтырып, қоқан-лоқы көрсетіп жатыр. Тергеу әділ жүрмесе, соттың шешімі қанағаттандырмаса кімнен көмек сұрауым керек?!... Алматының қақ ортасына жарнама ілдіріп, ипотекаға үй береміз деп жұртты алдап жүрген компанияның жұмыс істеуіне рұқсат берген Үкімет енді менің проблемамды өздері шешіп берсін», - деді жәбірленуші Мейіржан Кәрібаев.

Жәбірленушінің адвокаты Нұрлан Тастандиев, қылмыстық істі жүргізген тергеушінің өрескел қателіктерін тізіп шықты. Сондай-ақ Алматы қаласы Медеу аудандық сотының шешімі бір жақты қаралаған деп отыр.

«Тергеуші істі бүге-шүгесіне дейін жүргізбеген. Біз Бас прокуратураға шағымданғаннан кейін ғана қайта қаралып жатыр. Осы аптада түрмеге жабылған компания директорын Қарағандыдан Алматыға тергеуге шақырады. Бірақ бұл аздық етеді. Өйткені тергеуші өрескел қателік жіберген. Мұнда компания директорынан бөлек, бірнеше қызметкердің де қатысы бар. Яғни топ болып ұйымдасқандар толығымен жауапқа тартылуы тиіс. Сол кезде ғана 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін. Ал қазір бір адам мойнына алып, небәрі 4 жылға сотталып отыр. Тергеушілер мен сотталушылар «ауыз жаласқан» болуы мүмкін деген күдігіміз бар», - деді адвокат.

«ТАНЫС НОТАРИУСКЕ БЕКЕР АЛЫП БАРМАҒАН...»

Мейірхан Кәрібаев 2019 жылы Тараз қаласындағы пәтерін сатып, Алматыға көшуді көздейді. Екінші деңгейлі банктерді аралап, өзіне ыңғайлы ипотекалық бағдарламалармен танысып жүріп, Алматының қақ ортасында ілініп тұрған жарнамаға көзі түседі. Ол – әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін жеңілдетілген 4 пайызбен үй алуға қарыз беретін «Центр социального жилья» ЖШС болатын.

«Жақсы мүмкіндік екен деген оймен, дереу осы компанияға жүгіндім. Мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген ипотека береміз, алдымен 600 мың теңгені бастапқы жарна ретінде төлеңіз, кейін үй таңдаңыз деді. Сөйтіп Алматы облысы Абай ауылынан баспана тауып, қайта компанияға бардым», - деді Мейіржан Кәрібаев.

Жәбірленушінің адвокаты компания қызметкері Елена Трюшникова «Центр социального жилья» ЖШС-мен жақсы қарым-қатынаста болған нотариуске алып барғанын айтады.

«Компанияның қызметкері Елена Трюшникова үйді сатып жатқан Шахабаева есімді азаматшаға бапананы өзінің атына аударуды сұрайды. Осылайша үй «Центр социального жилья» ЖШС-нің меншігіне өтеді. Ал сізге 13 миллион теңгені компания тарапы төлейді деген. Ал үйді қарызға рәсімдейтін Мейірхан Кәрібаевқа сатып алу құқығымен жалға аласыз деген. Факт – үйді сатқан Шахабаеваға компания бір тиын да төлемей қойған. Ақшаны әне-міне аударамыз деген «Центр социального жилья» ЖШС-нің алаяқтықпен айналысатынын бірнеше аптадан кейін бір-ақ білеген. Ақыры үйдің ақшасын Мейірхан Кәрібаев бөліп-бөліп үйдің иесіне өзі төлеген. Бірақ жылжымайтын мүлік «Центр социального жилья» компаниясының меншігінде қалып қойған. Компания ақшаны үй иесіне аудара алмаған соң, мүлікті нотариус арқылы қайта рәсімдеп беруі керек еді», - деді жәбірленушінің заңды өкілі.

ҮЙІН НЕБӘРІ 7 МЛН ТЕҢГЕГЕ САТЫП ЖІБЕРІПТІ

«Центр социального жилья» ЖШС-нің арбауына түсіп, ондаған адам сотқа шағымданған. Нәтижесінде компания директоры сотталған. Жәбірленушілер, өздерін алдаған тек компания басшысы емес, онымен бірге жымысқы әрекеттерге барған қызметкерлердің жауапкершіліктен сытылып кеткеніне қынжылады. Бұдан бөлек, компания қызметкерлері айлықсыз қалдық деп сотқа шағым түсіргеннен кейін, компания меншігінде тұрған дәл Мейірхан Кәрібаев тұрып жатқан үй аукционға шығарылып, сатылып кетеді. Мейіржан Кәрібаевтың тұрып жатқан үйі сот арқылы аукционға шығарылып, 7 миллион теңгеге сатылып кеткен. Қазір үй Динара есімді келіншектің атында.

«Иә, мен ол үйді аукцион арқылы сатып алдым. Бәрі заңды түрде. Өткенде газды қидырып тастауға тура келді, бүгін-ертең жарықты да сөндіреді. Маған алаяқтық жолмен үйімді тартып алдыңдар деген адамға да, күш көрсетуіме тура келді. Мен Кәрібаевтың кімге, қалай алданып қалғанын білмеймін», - деді үйдің қазіргі иесі Динара.

Ал «Центр социального жиллья» ЖШС-нің құқық қорғаушысы, клиенттің рұқсатынсыз сұхбат бере алмаймын деп қысқа қайырды.

Жәбірленуші екі жылдан бері нақты нүктесі қойылмай келе жатқан істің әділ тергелуін, сотқа тараптардың түгел қатысуын талап етеді. Тіпті Президент Қасым-жомарт Тоқаевқа да хат жолдапты.