«Қазфосфат» жұмысшысы басына кірпіш құлап мерт болды
Қайғылы оқиға 7 маусым күні болған
«Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар зауытында жұмысшы өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жамбыл облыстық полиция департаменті мәлім еткендей, қайғылы оқиға 7 маусым күні сағат 21.40-та болған.
Белгілі болғандай, полицияға «Қазфосфат» ЖШС қызметкерінің ауыр жарақат алғаны туралы қоңырау келіп түскен.
"Полиция қызметкерлері облыс орталығының 34 жастағы тұрғынының жұмыс орнында басына кірпіш құлағанын анықтады. Ер адам алған жарақаты салдарынан ауруханаға бара жатып жедел жәрдем көлігінде көз жұмды", - делінген ПД хабарламасында.
Қазіргі кезде ҚР Қылмыстық кодексінің «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталып, қажетті сараптамалар тағайындалды.