Құтқарушылар келгенге дейін газ баллоны шығарылып, 40 жұмысшы эвакуацияланды
Апат жөндеу жұмыстары жүріп жатқан №24 мектепте болды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, Сәтбаев көшесі, 4 мекенжайындағы №24 мектептің ғимаратында өрт шыққаны туралы хабар сағат 10-да түскен.
- Бірінші қабаттағы кабинетте жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде өрт шыққан. 40 шаршы метр аумақта құрылыс заттары мен пластик құрылымдар жанған, - деді басқармада.
Өрт сағат 10:15-те сөндірілді. Құтқарушылар келгенге дейін пропан толтырылған баллон мен 40 жұмысшы эвакуацияланды.
Білім ордасында сәуір айынан бері жөндеу жүргізілуде. Жұмыс түрлеріне байланысты бірнеше мердігер тартылған.
- Өрт жылу жүйесінде дәнекерлеу жұмысын жасап жатқан «Бектемір Құрылыс» ЖШС кесірінен орын алды. Фирма басшылығы өз қателігін мойындап, шығынды өтеуге дайын екенін жеткізді, - деді мектеп директоры Құралай Рахметжанова.
Мектеп директорының ақпараты бойынша, бүгінгі таңда күрделі жөндеудің жалпы көлемінің 60%-ы орындалған. Оқу жылының басында жобаға сәйкес мектепте жылу жүйесін жөндеу, электр сымдарын ауыстыру, жаңа есіктер мен терезелер орнату, ғимараттың қасбеті мен ішін әрлеу жоспарлануда.
- Өрт салдарынан жөнделген екі кабинет зардап шекті, сондай-ақ басқа мердігер – «Казеврострой» ЖШС-нің құрылыс материалдары жарамсыз болып қалды. Шығын сомасы анықталған соң кінәлі тұлғалар шығынды өтейді. Жөндеу жұмыстарын жалғастырамыз және мерзімінде аяқтаймыз деп үміттенеміз, - деді білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Динара Ахметова.