Алматыда 78 жүргізуші өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылды

Автор: Әйгерім Ердәулет

Оларға 1 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды

Фото: tengrinews.kz

Алматы қаласының Полиция департаменті бір жарым жыл ішінде 66 қылмыстық істі тергеп, сотқа жолдаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оның барлығы да ҚР ҚК-нің 346-бабы 1 және 2-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа жолданған.

«Сот шешімімен 78 жүргізуші өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар, оларға 1 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын өтеудің нақты мерзімі тағайындалды. Қазіргі таңда 8 қылмыстық іс сот тергеуінде тұрғанын хабарлаймын», - деді Алматы қалалық ПД анықтау басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Олжас Шәріпов.

Олардың бірін, А.есімді азаматты Байтұрсынов пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында мамандандырылған патрульдік полиция батальонының экипажы ұстады. Наркологиялық сараптама көрсеткендей, жүргізуші орташа дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған.

«Алғаш рет көлік жүргізу құқығымнан 2017 жылы айырылдым, рөлге мас күйде отырдым. Жаза мерзімі біткен жоқ, 2020 жылы тағы да мас күйде ұсталдым. Сол кезде мен ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылдым және өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылдым. Бірақ өткен күні мені тағы да тоқтатты. Ол кезде досыммен ішімдік ішіп, үйге қайтып келе жаттым. Бұл ісіме қатты өкінемін», - дейді А.есімді азамат.