БҚО-да бұралқы иттердің малға шабуылы азаяр емес

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл жолы иесіз жануарлар 27 қойды тамақтап кеткен

Батыс Қазақстан облысының Қызылтал ауылында иттер тағы да малға шапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Сайқұдық көшесіндегі үйдің тұрғыны Гүлфия Қазымованың хабарлауынша, оқыс оқиға бүгін таңда болған.

«Қорадағы қойлардың қырылып жатқанын ең әуелі егде жастағы әкеміз байқады. Кейін бірден аудандық полиция бөліміне, ветеринарлық станцияға хабарластық. Олар әзірге келген жоқ дейді. Иесіз иттердің қорадағы малға шабуылы бұған дейін де болған. Өткен жылдары тұрғындары түгел көшірілген Березов ауылында иесіз ит көп. Солар ауыл маңындағы қоқыс төгетін орынға үйірімен жиналады. Малға тиді, енді адамға шаппасына кім кепіл? Біздің шығынымызды кім өтейді», - дейді ауыл тұрғындары.

«Қой-ешкісі бар 27 бас малдың үшеуі арам өлді. Сегізі пышаққа ілінді. Қатты жарақат алған сегізін өлейін деп жатқан жерінен бауыздап болды. Енді қазір басқаларын тексеріп жатыр. Әлі де пышаққа ілінетіндері бар. 27 бастың 24-і шығынданып тұр», - дейді Қызылтал ауылының тұрғыны Гүлфия Қазымова.