Қылмыстық топ мүшелері - ағайынды жігіттер
Тобыл өңірінде жас қыздарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегендер жазаға тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасай отырып.
Бірнеше бап бойынша айыпталған олар 14-15 жылға сотталды. Ұйымдасқан топ 5 жыл бойы 21 бойжеткенді секс-құлдықта ұстаған. Жәбірленушілер арасында жетім қыздар да бар.
Бір-біріне ағайынғы туыс боп келетін алты адамды Денис Шакмаев басқарған. Арасында Кристина Аскарова деген әйел де бар. Ұйымдасқан топ қылмыстық жоспарын 2013 жылдан бастап жүзеге асыра бастаған. Түрлі жолмен материалдық жағдайы төмен қыздарды арбауына түсіріп келген. Бастапқыда бойжеткендерді кафеге шақырып, ішімдік ішкізіп, кейін пәтерге апарып үркітіп-қорқытып жезөкшелікке мәжбүрлеген.
«Шакмаев және топ мүшелері бір-бірімен туыс-жекжат. Олар олжаға кенелу мақсатында осындай қылмыс жасауға уағдаласқан. Діттеген мақсатқа жету үшін бойжеткендерді пәтеріне алдап апарып, заңсыз бас бостандығынан айырып, арам ойларын жүзеге асырған», – деді облыстық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Жасұлан АСЫЛБЕКОВ.
Қылмыстық топ құрыққа іліккен қыздарды әуелі өз еркімен жезөкшелікпен айналысуға көндірген. Көнбегендерін ұрып-соғып, мәжбүрлепті. Қашпақ болғандарды қатаң жазалаған. Ұйымдасқан топ 2018 жылы ұсталды. Жабық түрде қаралған сот процессі 7 айға созылды. Судья олардың бір-біріне туыс екенін мәлімдеді.
Сот үкімімен Денис Шакмаев 15 жылға, қалғандары 14 және 14,5 жылға бас бостандығынан айрылды. Сотталушылар үкіммен келіспейтінін білдірді.
Сотталғандардың бесеуі жаза мерзімін қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерде өтейтін болады. Сот Владислав Киструганы рецидивист деп таныды. Ол жазасын төтенше қауіпсіз колонияда өтейді. Ал адвокаттары аппелияциялық шағым түстіретінін айтты.