Маңғыстау облысында әскери борышын өтеп жүрген сарбаз көз жұмды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясындағы әскери қызметшілер арасында өлім-жітімнің жиілегеніне ерекше назар аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысы осындай келеңсіздіктердің себебін тергеп-тексеру, әскери қызметшілер арасындағы заңсыздықтарды жою және келешекте әскердегі мұндай теріс іс-әрекеттерді болдырмау үшін өзінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтің басшылығымен арнайы комиссия құруды тапсырды», - делінген хабарламада.
Осындай жағдайға жол берген офицерлер жазаланатын болады.
Айта кетсек, 4 маусым күні Маңғыстау облысында шекара қызметінде мерзімді әскери борышын өтеп жүрген сарбаз Еділ Бақытұлы Тешебаев асылып қалған.
Белгілі болғандай, марқұм 2003 жылы Түркістан облысы Сарыағаш ауданында туған. Сондай-ақ сарбаздың қайғылы оқиға алдында жазған хаттары желіде жарияланды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің мәлім етуінше, суицидке отбасы жағдайы себеп болған.
«4 маусым күні ҰҚК Шекара қызметі Маңғыстау облысы бойынша департаментінде мерзімді қызмет әскери қызметшісі Т. өз-өзіне қол жұмсады. Құқық қорғау органдары қажетті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Алдын ала ақпарат бойынша суицидтің себебі әскери қызмет өткерумен байланысты емес, отбасылық-тұрмыстық мәселелер екендігі анықталды. ҰҚК Шекара қызметінің басшылығы мен жеке құрамы әскери қызметшінің туыстарына және жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қаза тапқан әскери қызметшінің отбасына қажетті көмек көрсетіледі», - делінген ҰҚК баспасөз қызметінен берілген мәліметте.
Айта кетерлігі, бұл – еліміздің әскери қызметшілері қатарында бір ай ішінде болған алтыншы жағдай.