«Жауапкершіліктен сытылып кетпекші»: Hastala Visa компаниясына қатысты сот отырысы неге әлі күнге өтпей келеді

Автор: Әйгерім Ердәулет

211 азаматты алдап соққан компанияға қатысты тергеп-тексеру амалдары жақында аяқталды 

Фотоколлаж

Алматыда жұртты «АҚШ-қа виза алып береміз, оқуға түсереміз» деп алдап, сан соқтырған Hastala Visa компаниясын құрған екі азаматтың үстінен бір жыл бұрын қылмыстық іс қозғалған еді. Алайда, сот отырысы әлі өтпей келеді. Бұған алаңдаған жәбірленушілер «осылайша, кінәлілер жауапкершіліктен сытылып кетпекші» деп дабыл қағып отыр. 

«АҚШ-қа виза алып береміз әрі оқуға түсереміз деп уәден еткен "Hastala Visa" компаниясын құрған екі азаматтың үстінен бір жыл бұрын қылмыстық іс қозғалса да, сот отырысы әлі күнге өтпей келеді. Осылайша, кінәлілер жауапкершіліктен сытылып кетудің амалын ойластырып жүр»,-дейді жәбірленушілердің заңды өкілі Кәусар Сайлаухан. 

211 азаматтан 180 миллион теңгеден астам қаражатты жинап алып, ешқандай қызмет көрсетпеген компанияға қатысты тергеп-тексеру амалдары толығымен аяқталып, 4-ші сәуір күні сотқа жолданыпты. Содан бері, айыпталушылар мен олардың қорғаушылары іс материалдарымен толық танысып бітпедік деген сылтаумен сотқа қатыспай созбақтап жүр екен.

«Айыпталушылар Сейткерім Әнуар мен Мухамбетов Ильяс деген екі азамат. Мухамбетов Ильястың әкесі Мухамбетов Мейіржан, қылмыстық істің жүріп жатқанына қарамастан, жәрбіленушілерді алдап-арбауға кірісті. Ол кімде-кім компаниямен жасалған келісім-шартты бұзатын болса, бірден 200 мың теңге өтемақысын төлеп береміз, қалғанын кейін қайтарамыз деп үгіттеп отыр. Осылайша, 15-20 адамның кешірімін алып, сотқа бұл істі қылмыстық емес, азаматтық іс ретінде қарауын жәбірленушілер арқылы сұратқызбақшы. Бірақ, бұл заңға қайшы. Осы уақытқа дейін осылай үш адамға арызын алдыртқан»,- дейді жәбірленушілердің заңды өкілі Кәусар Сайлаухан.  

Әлеуметтік желі арқылы өздерін жарнамалаған компанияға алданған ата-аналар "қарызға белшеден баттық, іс сиырқұйымшақтанып кетті" деп наразы. 

 «Менеджерлер де ол кезде алаяқтықпен айналысатын компанияда жұмыс істеп жатқандарын білмесе керек. Өйткені, олар бізді әбден сендірді. Баламды АҚШ-қа оқуға жіберуім үшін 2 миллион 600 мың теңге, яғни қызмет ақысының 70 пайызын төлеу керексіз деді. Қолма-қол 1 миллион 600 мың қаражатымды сол жерде санап бердім. Қалған 1 миллион теңгесін банк арқылы несие ретінде рәсімдеп бердім. Олар кейін басқа менеджерлер хабарласады, сосын құжаттарды жинап бастайсыздар деді. 1 жарым айдан кейін, компанияның көрсеткен мекен-жайына барсақ жабық, алдында адамдар жиналып тұр екен. Содан бері бір жыл өтті, қаражатымызды қайтарып беретін ешкімнің ойы да жоқ»,-дейді ата-ана Асхат Исаев.  

«Мен Instagram желісі арқылы блогерлердің "Hastala Visa" компаниясынf жарнама жасағанын көрдім әрі олардың АҚШ-қа виза алып, оқуға түсуге көмектесетініне сеніп қалдым. Алдымен өзім Америкаға барып келмекші болдым. Сөйтіп, дәл осы компанияның қызметіне жүгіндім. Банк арқылы 920 мың теңге несие рәсімдеп, төлем жасадым. Кейін хабарлассам, мүлдем жауап бермей қойды. Осы уақытқа дейін 3 рет сот отырысы кейінге қалдырылды»,-дейді жәбірленуші Салтанат Толқынбекова.

Алмалы ауданының прокуратурасы "Hastala Visa" ЖШС басшылығына қатысты көп эпизодты қылмыстық істі сотқа жолдаған. Қазір істі аталған ауданның соты қарап жатыр. Қылмыстық іс бойынша айыпталушылар қамауға алынған, ал компанияның мүлкі мен шоттарына шектеу қойылған.  

«Сотталушылар әр жәбірленушіден 850 мың мен 2 миллион 500 мың теңге аралығында ақша алған. Іс қылмыстық кодекстің 190 бабы 3 бөлігі 4 тармағы (алаяқтық) бойынша қаралып жатыр. Іс бойынша сотталушы екі адам»,-дейді Алматы қаласы Алмалы ауданы сотының баспасөз өкілі Нұрсұлтан Бердіқұлов.

Ал Халықаралық құқық қорғау орталығының Президенті Жанділдә Әжіғалиұлы бұл істі қос тарапқа да медиация жолымен шешуге болатынын айтады. Бірақ, жәбірленушілерге алданып қалмаудың жолын түсіндіріп берді. 

«ҚР «Медиация» туралы заңның 27 бабы 2 бөлімінде көрсетілгендей, кейін берем деген қаражаттың берілетін күні, уақыты, жері, мөлшері келісім-шартта көрсетіледі. Уәдені толық орындамаған жағдайда немесе бұзған жағдайда қаражатты қайтарушы тараптың міндеттемесіне нақты қанша пайыз санкция қойлатыны да көрсетіледі. Яғни, берешектің әр күніне 10 пайызға дейін үстемақы қосылатыны ескертіліп жазылады. Бұл барлық тарапқа да тиімді. Әсіресе, жәбірленуші тарапқа. Егер келісім орындалмаған жағдайда, жәбірленуші нотариус арқылы орындау парағын ала алады. Артынша, сот орындаушысы дүние-мүлік пен шотқа арест қойып, берешекті өндіруге кіріседі».