Павлодарлық жедел жәрдем клиникалық өлімге ұшыраған әйелді аман алып қалды
Соңғы үш жылда жедел жәрдем қызметінің 540-тан астам қызметкері біліктілігін арттырды
Павлодарда медициналық бригада қызметкерлері клиникалық өлімді бастан өткерген Сычевка ауылының тұрғынын құтқарды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметі бойынша, қоңырау сағат 20:20-да түскен. Қоңырау шалушы диспетчерге әйел адамда аллергиялық реакция басталып, тұншығып жатқанын айтқан. Оқиға орнына 25 шақырым жерде Чернорецк ауылындағы қосалқы станцияда кезекшілік ететін бригада жіберілген.
Медицина қызметкерлері сағат 20:40-та, яғни 20 минуттың ішінде аталған мекенжайда болған.
"Фельдшер Ермек Шукуев зардап шеккен адамға «клиникалық өлім» диагнозын қойған. Ол науқасқа дереу интубация және жанама жүрек массажын жасай бастады. Фельдшерге жүргізуші Ерлан Рамазанов көмектесті. Әйел тыныс алған кезде оны Павлодарға жеткізді. Қазір ол №3 қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр", - дейді 103 Павлодар қызметі бас дәрігерінің орынбасары Ольга Вербовая.
Шамамен сол уақытта №2 дәрігерлік бригадасы да реанимация шараларын жүргізді. Көшеде ұрып-соққан ер адамға медицина қызметкерлерінің көмегі қажет болған. Зардап шеккен адам іш, бас ми жарақатын алып, мұрны сынған және комаға түскен. Тасымалдау кезінде тынысы тоқтап, жүрегі соқпай қойған.
Дәрігерлер жолда жүрек-өкпе реанимациясын бастап, науқас есін жиды. Кейін оны Сұлтанов атындағы облыстық клиникалық ауруханаға жеткізді.
"Көмек көрсетудің халықаралық стандарттарына тек жедел жәрдем станциясының дәрігерлері ғана емес, фельдшерлер мен жүргізушілер де оқытылуда. Бұл - кеңейтілген және балалар реанимациясы. Осы жұмыстың арқасында біз науқастарды тасымалдау кезінде өлімге жол бермейміз және сәтті реанимация көрсеткішін 60%-ға жеткіздік. Бұл - Қазақстандағы үздік көрсеткіштердің бірі", - дейді Ольга Вербовая.
Соңғы үш жылда жедел жәрдем қызметінің 540-тан астам қызметкері біліктілігін арттырды. Таяуда ғана станцияның 100-ге жуық қызметкері шұғыл көмек көрсету бойынша кезекті курсты аяқтады. Олардың барлығы халықаралық үлгідегі сәйкестік сертификаттарын алды.