Нұр-Сұлтанда жұма намазы кезінде мешітте ұрлық жасаған ер адам ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Жас жігіт ұрланған ұялы телефонды сауда үйінде 10 мың теңгеге сатуға қойған

Фото: ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтанда жұма намазы кезінде мешітте ұрлық жасаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық полиция департаменті хабарлағандай, қала тұрғыны полицияға мешітте ұялы телефон ұрлау фактісі бойынша жүгінген.

«Ер адам дәретханада дәрет алып жатқан кезде оның күртешесінің қалтасынан «iPhone 7» ұялы телефонын ұрлап кеткен. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері 21 жастағы күдіктіні ұстады», - делінген ПД хабарламасында.

Анықталғандай, жас жігіт ұрланған ұялы телефонды сауда үйінде 10 мың теңгеге сатуға қойған. Одан заттай дәлелдеме алынды.

Аталған факті бойынша «Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Күдікті өз кінәсін мойындады, оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілмек.