12 жастағы бала ішінде 5 млн теңге ақша салынған сөмкені әкесіне әкеп берген
Нұр-Сұлтанда 12 жастағы бала Қостанай қаласынан келген азаматтың бірнеше млн теңге салынған сөмкесін қолды қылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық полиция департаменті хабарлағандай, 24 мамыр күні сағат 14:15-те Қостанай облысының тұрғыны полицияға аса ірі көлемдегі ақшасын ұрлап кеткені туралы хабарлаған.
«Ер адам елордаға көлік алу үшін Қостанайдан арнайы келген. Түскі 14:00 шамасында Жеңіс даңғылы бойындағы үйге келген соң үй иесімен сөйлесіп тұрып, кедергі болмас үшін қара түсті сөмкесін ағаш бұтағына іліп қойған», - деп түсіндірді ПД өкілдері.
Сол уақытта жақын маңдағы қоқыс жәшігінің жанында металл жинаған өзбекстандық азаматтар жүрген.
«Олардың бірі, атап айтқанда, жасөспірім 5 млн 13 мың теңге салынған сөмкені іліп алып, жылдам кетіп қалған. Ұрлық жасалған сәт көше камерасына түсіп қалды», - деді елордалық ДП баспасөз қызметі.
Хабарлама түсе салысымен бір сағаттың ішінде ұрының кім екені анықталады. Артынша сөмкені ұрлап кеткен жасөспірім қолға түсті. Ол ішінде 5 млн теңге ақша салынған сөмкені әкесіне берген екен.
Қазіргі кезде ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сөмке иесіне қайтарылып, ювеналды полиция қызметкерлері жасөспірімді ерекше бақылауға алды.