Павлодарда би кешін ұйымдастырған жастар жазаланды
Олар таң атқанша автокөліктің капотын ашып, музыканы жаңғыртып қойған
Павлодарда би кешін ұйымдастырған жастар жазаланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Катаев көшесіндегі үйдің тұрғыны сағат 04.33-те полицияға үйдің артында би кеші өтіп жатқаны туралы қоңырау шалған.
«Жастар таң атқанға дейін көліктің капотын ашып, музыканы жаңғыртып қойды. Бұған қоса, қатты айқайлап, би билейді. Терезелері жабық тұрса да, бәрі естіледі. Ал ертең бәріміз жұмысқа тұрамыз», - деді қоңырау шалған адам.
Оқиға орнына келген полицейлер тыныштықты бұзған жастарды анықтады.
«Қатты музыканы ұнататын жастарға ҚР ӘҚБК 437-бабын бұзғандары түсіндірілді. Заңға сәйкес автокөліктен шыққан қатты музыка мен шу басқышы жоқ мотордың дыбысы үшін ҚР ӘҚБК 437-бабы бойынша тыныштықты бұзғаны үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған», - деп хабарлады Павлодар қаласы ПБ жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Қаптаев.
Айта кетерлігі, күн жылынғанда қала көшелерінде күндізгі уақытта да өздерінің автокөліктері мен мотоциклдерінің қатты дыбыстарын шығарумен жарысатын жүргізушілердің саны артады. Олар осылайша жаяу жүргіншілерді шошытып, басқа адамдарға ыңғайсыздық тудырады. Мұндай жүргізушілер де аталған бап бойынша жауапкершілікке тартылады.