Екібастұзда жұртты алдаған жалған полицей ұсталды
25 жастағы ер адамға қатысты тергеу амалдары басталды
Екібастұз полицейлері Қарағанды облысы Саран қаласының полициясы іздеу жариялаған Петропавл қаласының 25 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, жалған полицейдің Екібастұз қаласының аумағында жасаған алаяқтық фактілері анықталған.
«Осы жылдың сәуір айында күдікті Екібастұз қаласында өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, несие бойынша берешегін тексеру сылтауымен жәбірленушінің құжаттарын видеоға және суретке түсіріп, құжаттардың көшірмелерін алған. Жәбірленуші банктердің бірінде 140 мың теңге сомасында несие рәсімделгенін білгенде дабыл қаға бастаған», - дейді департаментте.
Ұсталған кезде күдікті ер адам Қазақстанның бұдан басқа - Қарағанды және Қостанай облыстары аумағында да осындай қылмыс жасағаны туралы мойындады.
Қазіргі уақытта Екібастұз қаласында зардап шеккен 2 адам анықталды.
«Полицейлер ешқашан азаматтардан несие бойынша ақпарат сұрамайды, өйткені бұл мәселе біздің құзыретімізде емес. Бөтен адамдарға өзіңіздің жеке деректеріңізді хабарламаңыз», - деп еске салды департаментте.
Ұсталған адамға қатысты сот қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қазақстан Республикасы ҚК 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.