Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Алматы облысының екі азаматы елікті заңсыз атты деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq rýhy тілшісі.
2020 жылдың 26 қаңтарында сағат 21:30 шамасында Іле-Алатау ұлттық паркінің мобильді топ инспекторлары рейдтік шара барысында Кеген ауданы Алматы облысы Алматы мемлекеттік қаумалының аумағында Алматы облысының екі азаматын Н.Д. (1981 ж.т.) және К.Ұ. (1981 ж.т.) Хонда маркалы автокөлікте ұстады.
«Көлікті тексеру барысында бес пакетке салынған екі еліктің жіліктелген еті, Вепрь және Магнум маркалы екі қару, 12 калибрлі 21 оқ, 223 калибрлі 18 оқ, 308 калибрлі 2 оқ, дүрбі мен әртүрлі пышақтар табылды», - делінген Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Күдіктілердің айтуы бойынша, олар етті жол бойында тауып алып, аудандық полиция бөліміне жеткізбекші болған.
Аталмыш факты Кеген аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.