$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.05.2022, 09:38
Оқиғалар

Ақтөбеде 13 жастағы оқушыны бұралқы иттер талап тастады

Ветеринарлар қаланың әр ауданында қаптап кеткен иесіз иттермен не істерін білмей дал

Ақтөбеде 13 жастағы оқушыны бұралқы иттер талап тастады
Фото: egemen.kz

Ақтөбеде 13 жастағы оқушыны мектептен қайтар жолда бұралқы иттер талады. Сау жері жоқ қыз бала әбден шошынып қалған. Қазір балалар ауруханасында ем алып жатыр. Анасы полицияға арызданған. Ал ветеринарлар қаланың әр ауданында қаптап кеткен иесіз иттермен не істейтінін білмей дал. Себебі, жаңа заңға байланысты ит аулау тоқтатылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап. 

«Шошынғаны соншалық, балам «ит» деген сөзді естісе жылап қоя береді» дейді итке таланған оқушының анасы Алтынгүл Жарылғапова. Жеткіншектің денесінің сау жері жоқ. Түнімен аласұрып ұйықтай алмайтын көрінеді. Анасының айтуынша, оқушы қыз кешкілік сабақтан жалғыз қайтып келе жатқанда алдынан бір топ ит шығып, жан-жақтан жабылған. Абырой болғанда, көрші жігіт терезеден көріп қалып, баланы бір өлімнен құтқарып қалған. «3-4 минут кешіккенде кеңірдегін жұлып өлтіретін еді» дейді ана.

Дәрігерлер бұралқы иттер терісін бірнеше жерден жұлмалап тастаған баланың басына үш жерден, аяғына 21 жерден тігіс салған. Арқасы мен қолында да ит тісінің ізі бар. Жарақаттан өзге, ауыр психологиялық соққы алған.

Ақ халаттылар ауруханаға күніне ит, мысық тістеген 3-4 бала түседі дейді. Көбінің жарақаты жеңіл болып, құтырмаға қарсы екпе салған соң, үйлеріне жіберіледі. Қалада бұралқы иттердің қаптап жүргенін ветеринарлар мойындап отыр. Бірақ шарасыз. Себебі, наурызда қабылданған заң бойынша көшеде ит атуға рұқсат жоқ. Жаңа ережеге сәйкес, мамандар қаңғыбас итті аулап, уақытша орында ұстап, залалсыздандырып, вакцина салып, алып кеткен жерге әкелуі керек екен. Ақтөбеде иттерге арналған бір тұрақ бар. Жекенің қолында болған соң, ақылы. Ал бюджетте бұған қаржы қарастырылмаған.

«Бюджеттік сипаттамада көрсетілмеген. Қаңғыбас итті аулау, оны уақытша ұстау, стерилизация деп көрсетіп жазылуы керек. Ал онда жазулы тұр: аулау және жою деп тұр. Сондықтан осыны өзгерту керек, бюджеттік классификаторға өзгерістер енгізу керек», - дейді Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Иса Базар.

Оқушының анасы болған жайтқа байланысты полицияға шағым түсірген. Ашынған ана бұралқы иттер мәселесі шешілмейінше, күресті тоқтатпаймын дейді.  

Серіктес жаңалықтары