Ауа райы қолайсыздығына байланысты жабылған Самара – Шымкент тасжолы қайта ашылды
Самара – Шымкент тасжолының 1240-1646 шақырымы аралығында үш күнде 1400-ге жуық көлік жүргізушісі мен 2602 жолаушыға көмек көрсетілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Рolisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық автокөлік жолында оқыс оқиғалардың алдын алу үшін тәулік бойы күзету және бақылау жұмыстарын жүргізу үшін күшейтілген кезекшілікке шықты.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Қызылорда облысы Қармақшы ауданынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралықта 25 қаңтардан бастап барлық көлік құралдарының қозғалысына шектеу қойылған болатын.
Полицейлер кезекшілігінің нәтижесінде, 854 жүк көлігі, 489 жеңіл және 13 қоғамдық көліктерге көмек көрсетілген.
«Жалпы, 1356 көліктің 2602 жолаушысы, оның ішінде 336 әйел, 2253 ер азамат және 13 бала құтқарушылар көмегіне жүгінген. Кезекшілік жасап жүрген полиция қызметкерлері оларды жақын маңдағы кешендерге жеткізіп, ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, жайғастырды. Түрлі техникалық ақауларға байланысты тұрып қалған автокөлік жүргізушілері мен жолаушыларына алғашқы көмек көрсетіп, көліктердің ақауларын жөндеу мақсатында жақын маңда орналасқан кешендерге жеткізді», – дейді ПД баспасөз қызметінің өкілдері
Көліктер автотұрақтарға қойылған. Ал көктайғақ салдарынан қойылған шектеуге байланысты 6 полиция экипажы тәулік бойы жұмыс істеген.
Айта кетсек, көктайғаққа байланысты 25 қаңтарда жабылған жол 27 қаңтар күні таңғы сағат 09:30-дан бастап ашылып, қозғалыс қайта жанданды. Жүргізушілер мен жолаушылар сапарларын одан әрі жалғастыруда.
Қазіргі таңда республикалық маңызы бар тасжолда полиция қызметкерлері тәулік бойы күшейтілген тәртіппен жұмыс істеп жатыр.