Жантүршігерлік оқиға Қарғалы ауданындағы Бадамша ауылында болған
Ақтөбеде сатушыны отыз жерден пышақтап, жауыздықпен өлтірді деп күдікке іліккен екі жігіттің соты басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Күдіктілердің үстінен пайдакүнемдік ниетпен топ болып кісі өлтіру және заңсыз есіркі затын қолдану баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Жантүршігерлік оқиға Қарғалы ауданындағы Бадамша ауылын дүр сілкіндірген еді. Қанды оқиғадан шошымаған жан қалмаған. Бүгінгі сотқа келген ауыл халқының қарасы көп болды. Барлығы екі күдіктінің қатаң жазаланғанын қалайды.
«Марат екі рет отырып шыққан, екеуінде де адам өлтірген. Бұл үшінші жағдай. Бұл адамды өмір бойына қамау керек қой. Сатушыны дүкенге баса-көктеп кіріп алып өлтірген. Біз ол адамның енді осы ауылға аяқ баспайтындай болғанын қалаймыз», – дейді Бадамша ауылының тұрғыны Мамай ЕСЕЕВ.
«Ауыр жаза беру керек. Тек ауыр жаза. Өйткені, ол кісінің қолынан бұған дейін де ауылдың екі адамы өлген болатын. Феруза – үшіншісі. Түрмеге отырған қылмыскер амнистиямен қайта шығып алады. Екі рет сөйткен», – дейді тағы бір тұрғын Сәуле АЛДАБЕРГЕНОВА.
Ауыл халқының айтуынша, қамауға алынған жігіттің бірі – ауыл тұрғыны, көпшілігі оны жақсы біледі. Бұрын да екі бірдей ауыл тұрғынын өлтіріп, істі болған екен. Сатушы келіншек үшінші құрбаны дейді. Мойнына аяусыз отыз рет салынған пышақ жарақатынан ажал құшқан әйелін күйеуі тауып алыпты.
«Кіретін есік жабық тұрды. Сосын подъезд жақта екінші есік бар еді, сол жақтан кірсем қойма маңында сөмкесі шашылып жатты. Сауда залына кірсем, терминал аударылып жатыр екен. Сол жаққа қарағанымда қан-қан болып, жауыздықпен өлтірілген әйелім жатты», – дейді марқұмның жолдасы Тілектес ПІРМАНОВ.
Марқұм болған Феруза Пірманова 46 жаста болған. Артында үш баласы қалды. Азапталған әйел қылмыскерлерді танып, қарсылық көрсеткен көрінеді. Сол кезде күдіктілер дүкеннен 140 мыңдай ақшаны да қолды қылған.
Айыпталушылар кінәларын жартылай ғана мойындады деген тұрғындар олар жазадан құтылып кете ме деп сотқа арнайы келіпті.