Лифтіде күйеуі соққыға жыққан келіншек: 4 жылда көрмеген қорлығым жоқ

Автор: Azattyq Rýhy

Аружан Байметова жақын күндері заңды түрде ажыраспақшы

 

Видеодан кадр

Шектен тыс қызғаныш себеп болған. Елордада лифт ішінде әйелін соққыға жыққан ер адамның әрекеті жұрттың жағасын ұстатты. Жәбірленушінің айтуынша, жуан жұдырықты күйеуі оны тіпті өз туыстарынан да қызғанған. Ауыр соққы мен тепкіден әйелдің төрт жерден сүйегі сынып, миы шайқалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Отасқан төрт жылда көрмеген қорлығым тек бұл емес дейді ол. Аружан жолдасы Елнұр Байметовпен 2018 жылы отау құрған. Орталарында қос құлыншақ бар. «Бірақ отбасы деген аты ғана. Бірге болған жылдарымның барлығында ұрып-соғудан көз ашпадым» дейді Аружан. Ұрған, соққан, буындырған, 20 градус суықта балконға қамап қойған.

Көп жағдайға жанжалға шектен тыс қызғаныш себеп болады екен. Тіпті соңғы кезде өз туысқандарынан да қызғануды шығарды, дейді Аружан. Желіде тараған видеоға да сондай жағдай себеп болыпты.

«Екеуіміз туыстарымның шақыртуымен караокеге бардық. Бір сәтте мен қолыма микрофан алып ән шырқай бастадым. Екінші микрофонды күйеу балам, яғни сіңлімнің жолдасы алып қосылды. Күйеуім дереу ұялы телефоныма қорқытып хабарлама жіберді. Кеш тарқап үйге келгенде жеделсаты есігі жабылмай жабып мені ұра бастады. Мен жерге құлап қалдым», - дейді жәбірленуші Аружан Байметова.

Бірақ жолдасының сол күнгі төмпеші мұнымен бітпепті. Оның айтуынша, күйеуі үйге жеткізіп тастаған інісімен бірге болдың деп, әйелін тағы соққының астына алған. Бірақ полиция бұл деректі ескермей отыр дейді Аружан. Жалпы, сол күнгі соққыдан келіншектің төрт бірдей сүйегі сынып, миы шайқалған. Ал енесі «бұл бәріміздің басымыздан өткен жағдай» деп жұбатады екен.

Сол сабырға шақырған енесі – Шымкент қаласында балалар мен әйелдер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы. Ұлы желіні шулатқаннан кейін Гүлайым Шұңғараева әлеуметтік желідегі парақшаларын түгел өшіріп тастаған. Өзімен телефон арқылы тілдескенде «баламды қолдамаймын» деп отыр. Бірге тұрғанда ешқандай оғаш қылығын байқамадым деп ақталды.

«Бұл жағдайды айтып өтерім, әрине, қолдамаймын. Бірақ бұл Астанада болған оқиға. Төрт жарым жыл бойы балам мен келінім менің қолымда тұрды. Ешқандай мұндай нәрсе, әуестік, қол жұмсау деген болған емес», - деді күдіктінің анасы Гүлайым Шұңғараева.

Әйел құқығын қорғап жүрген белсенділер мұндай жағдайдың көптігін, бірақ басым бөлігі жабулы қазан күйінде қалатынын айтады. Жыл басталғалы төрт айда тағы 300-ден астам дерек анықталған. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігі осы жылдың маусымынан бастап жаңа жүйені ойластырып қойыпты. Енді жәбір көрген әр азаматтың дерегі арнайы кітапшаға тіркеледі.

«1 маусымнан бастап ел бойынша жаңа жобаны бастаймыз. Енді денсаулық сақтау ұйымдарына шағымданған әр азаматты арнайы журналға тіркеп отырамыз. Яғни зорлықзомбылық, ұрып-соғу, жәбірлеу фактілері барлығы жазылады. Осылайша тек қана тұрмыстық  емес, барлық зорлықзомбылықты анықтай аламыз», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Ал лифт ішінде әйелін соққыға жыққан ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 107, яғни денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру бабымен қылмыстық іс қозғалған. Жігіттің өзі бостандықта. Оны ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберген. «Қалған ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді» деп, қысқа қайырды тәртіп сақшылары. Ал жолдасынан зәбір көрген Аружан Байметова жақын күндері заңды түрде ажыраспақшы.