Түркістан облысында шөл далада екі күн бойы адасып жүрген жігіт табылды
29 жастағы бірінші топтағы мүгедек жігіт белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайтып оралмаған
Түркістандық полицейлер шөл далада екі күн бойы адасып жүрген ер адамды тапты, деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар АПБ-ға кешкі сағат 17:00 шамасында Шәуілдір ауылының тұрғыны 102 нөмірі арқылы хабарласқан. Әйелдің айтуынша, 29 жастағы бірінші топтағы мүгедек ұлы жоғалып кеткен. Яғни, ұлы шалғайда орналасқан мал жайылымдық алқаптағы үйден белгісіз бағытта шығып кетіп, содан қайтып оралмаған.
Бір күн бойы іздеп таба алмаған жігіттің туыстары полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. Отырар АПБ қызметкерлері хабар алысымен жедел қимылдап, жеке құрам толық жұмылдырылды. Бұдан бөлек бұл құрамға еріктілер қосылып, жалпы 50 адамнан құралған топ жоғалған ер адамды іздеуге кірісті.
«Полицейлер өзге де мал жайылымдық алқаптарды, Қызылорда облысы және Өзбекстан Республикасымен шектесетін құмды аймақтарға дейін түгел аралап шықты. Күні-түні дамыл таппай іздеу нәтижесінде, жоғалған адам екі күннен соң 20 шақырым қашықтықтағы шөл даладан табылды. Тәртіп сақшылары табылған жігітті аман-есен анасына табыстады», - делінген ПД хабарламасында.
Анықталғандай, бұл отбасының жеке мал жайылымдық алқабы және онда вагон үйшігінен жасалған баспанасы болған. Жанұя мүшелері сыртта малының жем-суын беріп, абыр-сабыр болып жүргенде мүгедек жігіттің үйшіктен шығып кеткенін ешкім байқамаған.
Өз кезегінде баланың анасы полицейлердің қырағылығына риза болып, алғысын айтты.