Алматы облысында зираттарды қиратып жүрген ер адам ұсталды

Azattyq Rýhy

Оның психикалық ауытқушылығы бар екені анықталды

Алматы облысында зираттарды қиратып жүрген ер адам ұсталды
Фото: Алматы облыстық ПД

Алматы облысының полицейлері жерлеу орындарын талқандады деген күдікпен Үштөбе қаласының 34 жастағы тұрғынын ұстады. Ер адам психикалық ауытқушылықпен ауырады және бейіт тастары мен қоршауларды бүлдіргені үшін бұрын да ұсталған болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.  

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, мамырдың 14-і күні Қаратал аудандық полициясына Кішітөбе ауылының іргесіндегі зиратқа бұзақылық әрекет жасалғаны туралы ақпарат келіп түскен. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы сынған құлпытастарды, тақтайшаларды, бейіт қоршауларын және т.б. фактілерді тіркеген. Барлығы бес зират талқандалған.

Қылмысқа Үштөбе қаласының психикалық ауыр ауруға шалдыққан 34 жастағы тұрғыны күдікті деп танылды. Анықталғандай, күдікті бұған дейін де осыған ұқсас әрекет жасады деп айыпталған екен.

«Осы жылдың қаңтар айында Үштөбе маңындағы және Ортатөбе ауылындағы зираттарды қиратып, өлген адамдардың мәйітін және олар жерленген жерді қорлады деген күдікпен ер адам ұсталды. Екі дерек бойынша да ҚР Қылмыстық кодексінің 294-бабы (Бұзақылық) бойынша тергеу басталды, бірақ кейін қылмыстық істер Қылмыстық кодекстің 314-бабына (Өлген адамдардың мәйітін және олар жерленген жерді қорлау) қайта сараланды. Оның анасы ұлының туа біткен психикалық ауытқуы бар екенін түсіндірді, содан кейін күдікті психоневрологиялық диспансерге жатқызылып, аталған жағдайға қатысты міндетті сараптама тағайындалды», - деді Қаратал аудандық полиция бөлімінің басшысы Рауан Әбдірайымов.

Белгілі болғандай, ер адам екі айға жуық емдеу мекемесінде жатып, бір рет үйінде отырып, зираттарды тағы талқандай бастаған. Полицейлер анықталған фактілерді тіркеп, ұсталған азаматты қайтадан Талдықорғандағы психиатриялық диспансерге жатқызды. Дәрігерлер күдіктінің психикалық жағдайын растағаннан кейін іс материалдары сотқа жіберіледі деп жоспарланып отыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.