Мамандар індетке ұласып кеткен аурудың таралу көзін нақты анықтай алмай отыр
Коронавирус әсері өрши түскендіктен,алдағы уақытта індет жылдам тарай бастауы мүмкін. Бұл туралы Қытайдың Мемлекеттік денсаулық сақтау жөніндегі комитет басшысы Ма Сяовэй тілшілермен өткен баспасөз мәслихатында хабарлаған.
«Егер гендердің орналасу ретін алып қарар болсақ, коронавирустың жаңа түрінің бұрынғы жылдары табылған SARS және MERS түрлерінен біршама айырмашылығы бар екенін көреміз. Бұл жолғы вирус жануарлардан адамға жұғу сатысынан өтіп, енді адамнан адамға жұғу сатысына көшті. Жағдайдың беталысына көз жүгіртер болсақ, вирустың таралуы жылдамдап барады», - деді Ма Сяовэй.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта мамандар індетке ұласып кеткен аурудың таралу көзін нақты анықтай алмай отыр екен.
Айта кетсек, соңғы мәліметтер бойынша Қытайдағы коронавирустың жаңа түрінен көз жұмғандар саны қазіргі таңда 56 адамға жеткен.
Ухань қаласынан тарап жатқан белгісіз дерт туралы дерек алғаш рет желтоқсан айында белгілі болған. Бүгінде коронавирустың жаңа түрінің асқынуына 2019-nCoV қоздырғышы себеп болып отырғаны анықталды. Ауру дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болуы және тыныс алудың ауырлауы сияқты белгілерден байқалады.
Қауіпті індеттің таралуына жылан және жарқанат етін тұтыну себеп болды деген болжам бар. Қазіргі таңда коронавирус Қытайдың бірнеше қаласымен қатар, Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Вьетнам, Сингапур, Непал, Франция, Австралия, Малайзия және Канада сияқты елдерге де жеткен.