Коронавирус: Қытайда жабайы жануарлар саудасына тыйым салынды
Қауіпті вирус салдарынан 56 адам көз жұмды, ал 1,9 мыңнан астам адам ауру жұқтырған
Коронавирустың жаңа түрінің тез таралуына байланысты Қытайда жабайы жануарларды сатуға және тасымалдауға тыйым салынды. Бұл шешімді Қытай мемлекеттік орман шаруашылығы басқармасы мен Ауыл шаруашылығын дамыту министрлігінің базарларды бақылау және реттеу басқармасы бірлесе қабылдаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
РИА Новости агенттінің жазуынша, Қытайдың құзырлы органдары жабайы жануарлар өсірілетін барлық орындарды оқшаулауды талап етіп, оларды шығаруға, сатуға және тасымалдауға қатаң тыйым салды.
«Осы хабарлама жария етілген сәттен бастап және елдегі эпидемиялық жағдай тоқтатылғанға дейін жабайы жануарлар саудасына қатысты кез келген іс-әрекетке қатаң тыйым салынады», - делінген ведомстволар құжатында.
Коронавирус алғаш рет өткен жылдың соңында қытайлық Ухань қаласынан тараған болатын.
Соңғы деректерге сүйенсек, жаңа вирус тудырған пневмония салдарынан 56 адам көз жұмған, 1,9 мыңнан астам адам ауру жұқтырған.
Аталмыш індет Қытайдан өзге, Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Вьетнам, Сингапур, Непал, Франция, Австралия, Малайзия және Канада сияқты елдерге де жеткен.