Оңтүстік Кореяда мигранттарға жалған құжат жасап жүрген қазақстандық ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

А. есімді азамат басқарған қылмыстық топ заңсыз келушілерге босқын мәртебесін алып берумен айналысқан

Оңтүстік Кореяда заңсыз келушілерге босқын мәртебесін алып беруге көмектесіп жүрген қазақстандық азамат ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BaigeNews.kz сайтына сілтеме жасай отырып.

Қазақстандық брокерді Оңтүстік Корея полициясы қолға түсірген. Онымен бірге босқын мәртебесін алуға өтініш берген мигранттар мен жалған құжаттар рәсімдеуге қатысы бар жергілікті тұрғындар да ұсталған.

22 қаңтар күні Оңтүстік  Кёнгине провинциясының полиция басқармасының Халықаралық қылмыстық істер жөніндегі бөлімшесі брокерді қосқанда, 25 адамның жеке тұлғасын анықтаған. Олар босқын мәртебесіне өтініш берушілерден ақша алып, аз уақыт ішінде жалған құжат жасап берумен айналысқан.   

Қылмыстық топтың жетекшісі болған 28 жастағы А. есімді қазақстандық брокер иммиграциялық заңнамаларды бұзды деген күдікпен тұтқындалды.   

Корейлік басылымдардың жазуынша, қылмыскерлер елде қалып жұмыс істегісі келетін заңсыз келушілерге хабарлама жібере отырып, мобилді мессенджерлер арқылы әрекет еткен.  Жалған құжаттар рәсімдеп бергені үшін мигранттар адам басына 1-1,5 миллион вон төлеуге міндетті болған. 

Мигранттарға көмектескен брокерлер босқын мәртебесін қалай жылдам алуға болатыны туралы ақпараттармен қоса, өз байланыс деректерін Интернетке салып отырған. 

Полиция қызметкерлері делдалдар көмегіне жүгінген 17 қазақстандықты, 4 ресейлікті және 1 өзбекстандықты анықтаған. Олардың көбі елге визасыз кірген. Кейбіреуінің Оңтүстік Корея еліне келмес бұрын А. есімді азаматпен байланысқа шығып, жалған құжаттар жасап беруін алдын ала өтінгені белгілі болды.   

Полиция бұл іске қатысты тергеуді өткен жылдың тамыз айынан бастаған. Алдын ала мәліметтер бойынша аталмыш қылмыстық іске 100-ге жуық адамның қатысы болуы мүмкін.  

Босқын мәртебесін алу туралы өтініш бергендер саны Ресей мен Қазақстан визасыз режим туралы келісімге қол қойғалы бері күрт артып кеткен. 2019 жылы осы екі елдің азаматтары Оңтүстік Кореяда босқын мәртебесін алғысы келетіндер қатарында бірінші орынға шыққан. Яғни, жалпы саны 5 мың адамды құраған. Алайда бұл мәртебені тек бірнеше мигрант қана ала алады. 

Сарапшылар босқын мәртебесін алу туралы жалған өтініштер шынайы көмекке мұқтаж босқын-өтінішкерлерді қиын жағдайда қалдыруы мүмкін деп қауіптенеді.