Студент қанағаттанарлық бағамен оқыған, колледжде ешкіммен жанжалдаспаған
Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Наталья Бывальцева оқу орнының аумағында өз-өзіне қол жұмсаған студент туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Наталья Бывальцеваның айтуынша, студент қанағаттанарлық бағамен оқыған, колледжде ешкіммен жанжалдаспаған. Жас жігіт Мағжан Жұмабаев ауданынан келген екен.
«Бізге 2021 жылдың қыркүйегінде қосылды, тоғыз сынып негізінде бірінші курсқа түсті. Жасы толық 19-да. 10-сыныптан кейін үзіліспен оқуға түскен, біршама уақыт әскерде болған. 3,5 айдан соң гипертензия диагнозымен кері қайтарылған. «Ғимараттар мен құрылыс салу және пайдалану» мамандығы бойынша білім алып жатқан болатын. Бәрімен тату жүретін, бірақ аса жақын достар жоқ еді», - дейді Наталья Бывальцева.
Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары 19 жастағы студентпен суицидке дейін психолог жұмыс істегенін айтты. Оның қандай себебі болғанын Наталья Бывальцева айтпады.
«Ол колледжден шығып кеткісі келіп жүрген еді. Біз оны райынан ақйтарып, ең болмаса 1 курсты аяқтауын өтіндік. Ол әлі де ойланатынын, оған жұмыс керек екенін, сүйіктісінің аяғы ауыр болғандықтан отбасын асырау қажет екенін айтты. Үйленбесе де бала күтіп жүрді. Бірақ ол қыздың кім екені де белгісіз. Жағдай шынымен солай болды, ма, ол жағы да белгісіз», - деп еске алады колледж директорының орынбасары.
Наталья Бывальцева жас жігіттің үнемі баспана жалдап тұрғанын, жатақханада бір-ақ ай тұрғанын айтты. Екі апта бұрын колледжді тастағысы келген екен.
Оқи отырыңыз: Петропавлда колледж маңынан асылып тұрған жігіттің денесі табылды
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, өз-өзіне қол жұмсау фактісі Қылмыстық кодекстің 105-бабы «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілген. Сараптама тағайындалған.
СҚО білім басқармасы тергеу жұмысы жүріп жатқанына сілтеп, жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартты.
Еске салсақ, 4 мамырда Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің аумағынан 19 жастағы студенттің мәйіті табылған болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, ол өз-өзіне қол жұмсаған.