Үш елдің азаматтығымен жүрген әйел Қазақстаннан шығарылды
Әйел өз сот отырысында кінәсін толық мойындады

Павлодар облысы Железин аудандық соты Қазақстан Республикасының азаматтық туралы заңнамасын бұзған Ресей Федерацияның және Канаданың азаматтығын алған М.-ға қатыстысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетсек, «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңының 21-бабына сәйкес, егер адам басқа мемлекеттің азаматтығын алған болса, азаматтығын жоғалтады.
Әйел өз сот отырысында кінәсін толық мойындап, 2017 жылдың қараша айында Канаданың азаматтығын, сонымен бірге осы жылдың наурызында РФ азаматтығын алғанын, бірақ заңды білмегеніне байланысты Қазақстан паспортын тапсырмағанын түсіндірді. Ол сотта Қазақстанда туысқандары болмауына байланысты, ел шегiнен шығаруды сұрады.
«Сот қаулысымен М. есімді азамат ӘҚБтК 496-б. 2-б. көзделген әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған Қазақстан Республикасының шегiнен әкімшілік жолмен шығарып жiберу жазасы тағайындалды», - делінген Железин аудандық сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қаулы заңды күшіне енді.