Алматыда қырғызстандық көлік жүргізушісі 504 рет жол ережесін бұзған
Оған салынған айыппұл көлемі 4 миллион 629 мың 625 теңгеге жеткен
Алматыда Қырғызстан есебінде тұрған көлік жүргізушісі 504 рет жол қозғалысы ережесін бұзған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қалалық Полиция департаменті мәліметінше, 504 құқықбұзушылық жасаған жүргізушіге салынған айыппұл көлемі 4 миллион 629 мың 625 теңгеге жеткен.
«Шаһарда кей жүргізушілердің абайсыз әрекеттері адам өліміне әкеп соқтырды. Жол жүру ережесін қасақана бұзушыларды анықтау бойынша рейдтер жалғасып жатыр. Өткен тәулікте ғана қала жолдарында немқұрайлы 4 жүргізуші ұсталды. Олардың ішінде – 1983 жылы туған И. есімді азамат бар. Ол «Хонда» маркалы көлікте 504 ЖҚЕ бұзған, ер адам айыппұлдарды төлемеген. Құқық бұзушы дереу көлік құралын басқарудан шеттетілді, оның көлігі мамандандырылған айыппұл тұрағына орналастырылды.
Ал 1988 жылы туған А. есімді азамат РФ тіркелген көлікте ұсталды. Оның жалпы сомасы 3 млн 480 мың 909 теңгені құрайтын 370 айыппұлы бар. Бұл көлік те айыппұл тұрағына қойылды», - деді, Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Манап Саттаров.
Спикердің айтуынша, жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін айыппұл төлемейтін көлік жүргізушілерін анықтау бойынша іс-шара полиция бөлімшелерінің алдыңғы саптағы қызметкерлердің қатысуымен цифрлық технологияларды белсенді пайдалануы арқасында жүргізіліп жатыр.