Прагада жоғалған қазақстандық студенттің екі ай іздеуден кейін денесі табылды
Тараз қаласының тұрғыны 2019 жылы Прагаға білім алу үшін барған
Олег Кузьминге ақпан айының соңынан бастап іздеу жарияланды. Жігіттің әкесі Сергей ұлынан келген күдікті қоңыраудан кейін оны іздеуді бастаған. Ол ұлының тірі табылатынына бүгінге дейін сенімді болып келді, деп хабарлайды Экспресс К.
Тараз қаласының тұрғыны Сергей Кузьминнің айтуынша, Олегтің денесі табылған. Ол суға батып кеткен. 20 жастағы жігіттің денесі Прагада кремацияланған. Жігіттің өліміне қатысты бұдан өзге ешбір толық ақпарат хабарланған жоқ.
«Біздің отбасымызда аза тұту, жерлеу және еске алу рәсімдері болмайды. Көңіл айтудың қажеті жоқ. Балам әрқашан бізбен бірге. Бұл – біздің шешіміміз, оны құрметтеуіңізді өтінемін. Үйде екі әжеміз бар, олар бұл жаңалықты көтере алмауы мүмкін», - дейді Олегтің әкесі.
Олег білім алу үшін 2019 жылы Прагаға көшкен. 2022 жылдың 26 ақпанында таңертең жас жігіт әкесіне қоңырау шалып «Әке, көмектесіңізші» деп айтып үлгеріп, артынша жоқ болған. Одан кейін Олегпен байланысу мүмкін болмады.