Алматы облысында 40 жастағы ер адам өз анасын ұрып өлтірді

Azattyq Rýhy

Күдікті азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды

Алматы облысында 40 жастағы ер адам өз анасын ұрып өлтірді
Фото: azh.kz

Алматы облысында мас күйде анасын ұрып өлтірді деген күдікпен 40 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, сәуірдің 25-інен 26-сына қараған түні Бұлақты ауылының 62 жастағы тұрғыны соққы ізімен Алакөл аудандық ауруханасына түсіп, келесі күні қайтыс болған.  

Полиция қызметкерлері аталған оқиғаға әйелдің ұлының қатысы бар екенін анықтап, оны қамауға алды.

«Қылмыс отбасылық жанжал кезінде болған. Ішімдік ішіп, мас болған күдікті өгей әкесі мен өз анасын ұрып-соққан. Қарт әйелдің алған жарақаты өте ауыр болған. Күдікті азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген ПД хабарламасында.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігімен абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ер адамның жеңіл қылмыстары үшін бұрын бірнеше рет жауапқа тартылғаны анықталды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.