«Аузынан көбігі аққанша қарамаған»: Оралда жас ана он күннен бері комада жатыр
Келіншектің жағдайы түзелмен соң дәрігерлер сәбиді кесір тілігімен алған
Орал қаласының 29 жастағы тұрғыны Таңшолпан Мұқанова он күннен бері комада жатыр. Туыстары бұған дәрігерлерді кінәлайды. Олардың айтуынша, құрсағында жеті айлық сәбиі бар келіншекке дәрігерлер мүлдем көңіл бөлмей, қараусыз қалдырған. Соның кесірінен Таңшолпанның халі нашарлап, жансақтау бөліміне түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Әйелдің нашарлағанын түнде ғана байқаған дәрігерлер таңға дейін система құйып, жағдайы түзелмегесін, сәбиді кесір тілігімен алған. Осы отадан кейін науқас комаға түскенін естідік дейді туыстары.
«Келінім аузынан көбігі ағып, кереуетте жатып, екі қолын аспанға көтеріп жатады. Сол уақытқа дейін не акушер, не медбике қарамайды. Сол күнгі кезекшілікте болған гинеколог-дәрігер, акушер, медсестра, бәрңне мен кешке келінімнің басы қатты ауырып тұрғанын ескерттім. Бірақ неге аузынан көбігі аққанша бөлмеде ұстаған? Соған жауап берсін! Келінімді аяғына тұрғызып берсін!», - дейді енесі Жаңыл Иманқұлова.
Таңшолпанның анасы да акушер. Ол құрсағында 7 айлық сәбиі бар қызының ауыр халге түсуіне әріптестерінің біліксіздігі мен салғырттығы себеп болғанын айтады. Мұндайда уақыт оздырмай, басшылық пен жақын туыстарына бірден хабарласып, шұғыл түрде санавиациямен бас қалаға жіберу керек еді дейді.
Бүгін Таңшолпанның комада жатқанына он күн болды. Төрт жасар тұңғышы Назгүл қазір анасын күтіп аурухана есігін күзетіп жүр. Ал дәрігерлер не боларын тап басып айта алар емес.
«Науқас бізге «преэклампсия» диагнозымен түсті. Жағдайы нашарлан соң консилиум шақырылып, шұғыл түрде кесір тілігі жасалды. Кейін облыстық аурухананың жансақтау бөліміне ауыстырылды. Күн сайын республикалық деңгейдегі мамандармен консилиум өткізіп, кеңесіп отырамыз. Перинаталды орталық қызметкерлерінің әрекетін бағалап, тексеру үшін комиссия құрылды. Науқастың мұндай халге түсуіне не болғанын осы комиссия анықтайды», - деді БҚО Денсаулық сақтау басшысының орынбасары Асхат Балықов.
Ал сәбидің жағдайы қалыпты. Ата-әжесі оған «Айша» деп ат қойыпты. Қазір ол да перзентханада дәрігерлердің бақылауында. Туыстары ақ халаттыларға Таңшолпанды аяғынан тұрғызып берсін деп талап етеді.