Ақмола облысында жұмыскер өз басшысын балталап өлтірді
33 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды
Ақмола облысында зорлық-зомбылық іздері бар ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, марқұмның денесі өзі басқарған ЖШС-ге тиесілі аумақтан табылған.
«Жантүршігерлік қылмыс 24 сәуірде Жарқайың ауданында болған. Сағат 20:10 шамасында аудандық ішкі істер бөліміне Бірсуат ауылының маңында орналасқан жергілікті ЖШС аумағынан зорлық-зомбылық іздері бар ер адамның мәйіті табылғаны туралы ақпарат түсті. Жәбірленуші 1969 жылы туған, осы ЖШС-нің атқарушы директоры болып шықты», - делінген Ақмола облысы ПД баспасөз хабарламасында.
Ведомствода атап өткендей, оқиға орнын тексеру кезінде қылмыстың салмақ өлшеу бөлмесінде жасалғаны, басты қару – балта болғаны анықталды.
«ЖШС аумағында полицейлер жұмысшылардың бірін ұстады. Ол бастығына өлімге әкеп соқан ауыр жарақат салды деп күдіктеліп отыр. 33 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Қазіргі уақытта бірқатар сараптама тағайындалып, кісі өлтіру қаруы алынды.
«Алғашқы тергеу шараларынан соң ЖШС қызметкерлерімен сұхбат жүргізілгеннен кейін анықталғандай, осыдан бірнеше күн бұрын, 21 сәуірде атқарушы директор Қостанай қаласының тұрғынын дәнекерлеуші етіп жұмысқа алған. Алайда екі күннен кейін жаңа қызметкер денсаулығының нашарлағанына шағымдана бастаған, содан кейін жұмыс беруші оны Арқалық қаласындағы емдеу мекемесіне апарады. Кісі өлтірілген күні ер адам жұмыс басына оралып, бастыққа жұмыс және тұрмыс жағдайына көңілі толмайтынын білдіре бастайды. Соның негізінде олардың арасында жанжал туындайды. Жанжал барысында ер адам қарсыласына балтамен және бұрағышпен ауыр соққылар жасаған», - делінген хабарламада.