Нұр-Сұлтанда құрылыс краны көпқабатты тұрғын үйге құлап, пәтерді талқандады
Абырой болғанда, оқыс оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ
Нұр-Сұлтанда көпқабатты үйдің үстіне мұнара краны құлап, алтыншы қабаттағы пәтерді талқандап кетті. Абырой болғанда, оқыс оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Сығанақ пен Айтматов көшелерінің қиылысында орналасқан «Көркем Tower» тұрғын үй кешенінде болған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға қарағанда, мұнара краны енді пайдалануға берілген көпқабатты үйдің дәл жанында жүріп жатқан құрылыс алаңында тұрған.
Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 28 сәуір күні сағат 14:26 шамасында болған.
«Алтыншы қабаттағы пәтердің терезесіне автокран жебесінің құлағаны анықталды. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері жіберілді», - деді ТЖД өкілдері.