Жамбыл облысында 20 қап алтын тиеген алты күдікті қолға түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі таңда сот-химиялық сараптамасы тағайындалды

© Sputnik

Жамбыл облысына қарасты Мойынқұм ауданында полицейлер аумақты патрульдеу кезінде Ақбақай ауылының маңында орналасқан «Қаракөз» шахтасында тау жыныстарын заңсыз өндірумен айналысқан бір топ ер адамды анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 1976, 1992,1994 және 1990 жылдары туған алты жұмысшы қолға түскен. Оның бесеуі Жамбыл облысының, ал біреуі  Алматы облысының тұрғыны болып шықты.

«Тергеу барысында анықталғандай, ұсталған адамдар осы жылдың 21 сәуірінде кен орнына жүк машинасымен келіп, құрамында алтыны бар кенді рұқсатсыз қазып, 20 қапқа салып алған», - делінген ПД хабарламасында.

Префоратор, генератор, темір кескіш және балға түріндегі заттай айғақтар тәркіленді.

Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 334-бабы 1-бөлігі «Жер қойнауын өз бетінше пайдалану» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Қазіргі таңда сот-химиялық сараптамасы  тағайындалды. Мемлекетке келтірілген залал көлемі белгіленетін болады.