50 адам эвакуцияланып, қауіпсіз жерге көшірілді
Түркістан облысының Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында толассыз жаңбыр жауып, көшелер мен аулалар мен жекелеген үйлерді су басты. Су басқан аумақтардан 50 адам эвакуацияланып, қауіпсіз жерге көшірілді. Жануарлардың қырылу дерегі тіркелді. Жағдайды тұрақтандыру мақсатында төтенше жағдай қызметкерлері су сору жұмыстарын жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Түркістан облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2022 жылғы 24 сәуірінде Түркістан облысында қатты жауын шашын салдарынан Қазығұрт ауданының 4 елдімекенінде және Сарыағаш ауданының 1 елдімекенінде 53 үйдің ауласына, 18 үйдің, 1 тойхананың, 16 шаруашылық құрылыстың ішіне су кірген. Су басқан аумақтардан 50 адам эвакуацияланып, барлығы туыстарының үйлеріне таралды. Сондай-ақ үй жануарлары қырылған, саны анықталуда. Аталған хабарламалар бойынша жергілікті атқарушы және төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері тарапынан аумақтан су сорып шығару жұмыстарын жүргізуге кірісті.
Аудандық өрт сөндіру бөлімі мен бекеттерінің, жергілікті ауыл әкімдіктердің ұйымдастыруымен су сорғыштар көшелер мен үйдің аулаларына толған суды шығару жұмыстарымен айналысып жатыр.
Жұмысқа Төтенше жағдайлар департаментінің 56 қызметкері, 9 бірлік техника, 11 мотопомпа және жергілікті атқарушы органдардың 19 қызметкері, 6 бірлік техника, 2 мотопомпа тартылды. Олардың күшімен суды сору және арықтарды тазалау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар көшелерді, үйлердің аулаларын су басу фактісіне байланысты аудан әкімдігінің жедел желісі іске қосылып, тұрғындар тарапынан хабарламалар түскен жағдайда шұғыл іс-шаралар қолға алынады. Табиғаттың тосын мінезінен келген шығын көлемі есептелетін болады.
Эльмира Мәмбетқызы