Балқашта қонақүйде заңсыз жұмыс істеп жүрген 10 шетелдік ұсталды
Олар бұған дейін де көші-қон заңдарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған
Балқашта қонақүйде заңсыз жұмыс істеп жүрген 10 шетелдік анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
17 сәуір күні Қарағанды облысы Балқаш қалалық полиция бөліміне Балқаш көлінің маңында орналасқан қонақ үйлердің бірінде заңсыз мигранттар жүргендігі туралы хабарлама түсті.
Аталған ақпаратты тексеру барысында дерек расталды. Полиция қызметкерлері аталған қонақүйдің құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан Өзбекстан Республикасының заңсыз жүрген 23 пен 35 жас аралығындағы 10 азаматын анықтады. Аталған азаматтарда құрылыс жұмыстарын жүргізуге және Қазақстан Республикасында жүруге еш құжаттары болмаған.
Алдын ала тексеріс жұмыстары барысында ұсталған 10 азаматтың көші-қон заңдарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Алайда олар Қазақстан аумағына келуді тоқтатпаған.
Балқаш қалалық әкімшілік сотының қаулысына сәйкес олар екі тәулікке қамауға алынып, артынша Қазақстан Республикасы аумағынан шығару бойынша шешім шықты.
41 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматы визада көрсетілген қызметтен тыс жұмыс жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен екі тәулікке қамауға алынды.
Сондай-ақ, шетелдік азаматтарды жұмысқа тартқаны үшін 40 жастағы жұмыс беруші де әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол шетелдік азаматтарды жұмысқа тарту бойынша Қазақстан Республикасы көші-қон заңнамаларын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылып, 91 890 теңге айыппұл арқалады.