СҚО-дағы екі көлде балықтар қырылып қалған
Зертханалық талдау жүргізу мақсатында көлге тексеру жүргізілді
Солтүстік Қазақстан облысында екі бірдей көлде балықтар қырылып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
СҚО экология департаментінің мәліметінше, балықтардың қырылуына қатысты бір жағдай әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықталған.
«Петропавл қаласының оңтүстік шетінде орналасқан Пестрое көлінде балықтың (мөңке балық) қырылуы анықталды. Су қоймасы «Ника-Гарант» ЖШС-не жалға берілген. Оқиға орнына СҚО бойынша экология департаменті, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, СҚО әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы қызметкерлері құрамынан тұратын жұмыс тобы шықты», - деді экологтар.
Зертханалық талдау жүргізу мақсатында көлге тексеру жүргізілді, су сынамалары, сонымен қатар өлі балықтар алынды.
Сондай-ақ тағы бір оқиға Жамбыл ауданының Благовещенка ауылының жанындағы Жекекөл көлінде («Алхиан» ЖК) анықталды.
Балықтардың қырылу себебін анықтау үшін көлге зертханалық талдау жүргізу мақсатында сынама алу үшін жұмыс тобы жолға шықты.