Ақтөбеде әйелінен қорыққан тұрғын полицияға жалған шағым түсірген

Автор: Azattyq Rýhy

Ол 23 млн теңгесін ойынға тігіп, ұтқызып жіберген

Фото: liter.kz

Ақтөбеде 23 млн теңгесін ойынға тігіп, ұтқызып жіберген тұрғын өзін тонап кеткені туралы жалған шағым түсірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 4 сәуір күні №2 қалалық полиция бөліміне 29 жастағы ер адам ұрлық бойынша арызданған. Оның айтуынша, 101-атқыштар дивизиясы көшесінде Lada Priora автокөлігінен белгісіз біреулер 23 млн теңге ақша салынған пакетті ұрлап кеткен.

«Полиция қызметкерлері жедел іс-шараларды жүргізу барысында ұрлық дерегінің қаланың басқа бөлігінде болғанын анықтады. Айғақтарды көрсеткеннен кейін, ер адам ұрлық дерегін өзі ойластырып, күдікті ретінде танысын қатыстырғанын айтты», - делінген ПД хабарламасында.

Шын мәнінде, жәбірленуші жұбайына айтпай, ақшаны ұтысқа тіккен. ҚР Қылмыстық кодексінің 419-бабы 3-бөлігі (Көрінеу жалған сөз жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру жүргізілуде. Осы баптың санкциясында сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.