Ақтөбеде кәсіпкерден ай сайын 400 мың теңге бопсалап келгендер ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қаскөйлер үш жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Видеодан кадр

Ақтөбеде кәсіпкерді ай сайын 400 мың теңге бопсалап қана қоймай, дүкенін өртеп жібереміз деп қорқытқандар қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Мой город» порталына сілтеме жасап.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 12 сәуірде кезекші бөлімге 48 жастағы ер адам белгісіз біреулердің «Азық-түлік дүкеніңді өртеп жібереміз» деп қорқытып, ақша бопсалап жүргенін айтып шағымданған. Жәбірленуші күдіктілердің ай сайын 400 000 теңге төлеуді талап еткенін айтқан.

«Кәсіпкер бопсалаушыларға 100 мың теңгені қолма-қол беріп жатқан сәтте ұсталды. Олар өз әрекеттерін мойындады. Қазіргі кезде ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы «Бопсалау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген ПД хабарламасында.

Қаскөйлердің мүлкі тәркіленіп, үш жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.