Прокурор Игорь Дужновты өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады
54 жастағы тұрғын 5 адамды атып өлтірді деп айыпталып отыр

Алматыда бес адамды өлтірді деген күдікпен қолға түскен Игорь Дужнов өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сотта прокурор оған осындай жаза түрін тағайындауды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Алматыдағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бүгін жарыссөздер басталды. Мемлекеттік айыптаушы Игорь Дужновтың бірқатар қылмыс жасаудағы кінәсі дәлелді айғақтармен және куәлердің сөзімен расталғанын айтты. Оған адам өлтірді және билік өкіліне күш көрсетті деген айып тағылып отыр.
«Соттан Дужновтың өз ісіне еш өкінбейтінін ескере отырып, оған төтенше жағдайдағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, мүлкін тәркілеусіз өмір бойына бас бостандығынан айыруды шешімін шығаруды сұраймын», - деді прокурор.
Еске салсақ, 2021 жылы 20 қыркүйекте Алматыдағы Ақбұлақ ықшамауданында 54 жастағы ер адам үйіне келген сот орындаушылары мен полиция қызметкерлеріне қарудан оқ жаудырған болатын. Оқиға орнында бес адам - екі полиция қызметкері, сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі мен оның досы қаза тапты.
Ал 19 наурызда соттың алдын ала тыңдауы барысында прокурор Игорь Дужновтың өз еркімен 2014 жылы Украинаның Луганск аумағында сепаратистер жағында соғыс қимылдарына қатысқанын, сондықтан оның жауынгерлік және қару қолдану тәжірибесі бар екенін мәлімдеді.