Қызылордада көпбалалы ана күйеуін өлтіру үшін адам жалдаған

Автор: Azattyq Rýhy

Мұндай қадамға ол мұра үшін барған

Фото: ашық дереккөзден

Қызылордада күйеуін өлтіру үшін адам жалдаған әйелге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Төрт баланың анасы Түркістан облысының бұрын сотты болған тұрғынымен күйеуін өлтіру үшін 20 мың долларға келіскен. Дегенмен, тұрғын облыстық Полиция департаментіне мән-жайды баяндап, әйелдің үстінен шағым түсірген.

Сотқа дейінгі тергеу барысында адам өлтіру оқиғасы имитацияланған. 

«Киллер» әйелге хабарласып, күйеуін өлтіргенін айтқан. Дәлел ретінде әйелге фото жіберген.

Айыпталушы оған 10 мың теңге беріп, ақшаны мұраны атына аударған соң беретінін айтқан. Ол өз кінәсін мойындаған жоқ.

Әйел 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.