Қарағандыда көршісінің қызын 15 рет пышақтаған әйелге қатысты сот басталды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдіктінің қылмысы дәлелденсе, ол өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін

 

Фото: ашық дереккөзден

Қарағандыда көршісінің 3 жасар қызын 15 рет пышақтап өлтірді деп айыпталған әйелге қатысты сот басталды, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Істі қылмыстық істер бойынша арнайы мамандандырылған ауданаралық сот қарап жатыр. 35 жастағы әйел бүлдіршінді DVD-плеерді құлатып алғаны үшін жазалағанын мойындаған. Жан түршігерлік оқиға қараша айында Сәтпаев қаласында болған еді. Шешесі қызды қарауға қалдырып кеткенде көршісі аямай азаптаған көрінеді. Тіпті өтпейтін пышақты өткіріне ауыстырып пышақтауын жалғастырған. Күдікті ол кезде мас болыпты. Енді 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бүгін процеске баланың анасы келмеді. Куәгерлер Сәтпаев қаласында болғандықтан келесі отырыстар сол қалада өтетін болды.

«Күдікті сот аяқталғанша абақтыда отырады. Келесі отырыстар Сәтпаев қаласында өтеді. Күдікті алқа билер сотын емес кәдімгі сот форматын таңдады», - дейді Қылмыстық істер бойынша арнайы мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бекзат Шалғымбаев.