Тұрғындарға келтірілген шығын көлемі 3 млн теңгеге жуықтаған
Түркістан облысында 10 адамды сан соқтырған шымкенттік әйел ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын алаяқтықтың құрбаны болғаны туралы шағым түсірген. Ауыл тұрғыны үйіне бейтаныс адам келіп, әлеуметтік көмек алып бере алатынын айтқан.
«Алаяқ әйелдің мемлекеттен миллион теңге әлеуметтік көмек алып беремін деген сөзіне сенген тұрғын оған 350 мың теңге ақша берген. Алайда айтылған уәде орындалмаған. Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеп, күдіктіні іздеуге кірісті. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шарасының нәтижесінде, күдіктінің жеке басын анықтап, ұстады. Ол Шымкент қаласының тұрғыны, бұрын сотты болған әйел болып шықты.», - делінген хабарлады
Күдікті әйелдің бұдан басқа осындай тоғыз алаяқтық жайтына қатысы бары расталды. Жалпы, тұрғындарға келтірілген шығын 3 млн теңгеге жуықтаған.
Бүгінгі таңда ұсталған әйелдің басқа да осыған ұқсас алаяқтық деректеріне қатыстылығы анықталуда. Олардың саны көп болуы да мүмкін. Осыған орай сотқа дейінгі тергеу амалдары тыңғылықты жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды.