$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.04.2022, 10:49
Оқиғалар

Нұр-Сұлтанда жалған полицей тұрғындардың ұялы телефонын тартып алған

Қазіргі кезде аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Нұр-Сұлтанда жалған полицей тұрғындардың ұялы телефонын тартып алған
Фото: aikyn.kz

Нұр-Сұлтанда өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, тұрғындардың ұялы телефонын тартып алған азамат ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде алаяқтық жасады деген күдікпен 24 жастағы ер адамды ұстады.

Тергеу барысында анықталғандай, қаскүнем күндізгі уақытта екі жас жігіттің дәріханадан шығып бара жатқанын байқап, оларды тоқтатып, өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған.

«Жас жігіттерге қылмыс жасаған күдіктілерге ұқсайтынын айтып, өз көлігіне отырғызып, Жеңіс даңғылы мен Молдағұлова көшесінің қиылысына алып келеді. Олардың қалтасын тексеріп, біреуінен «Трамадол» дәрісін тауып алады да, «осы бойынша тіркеп полиция бөліміне жеткіземін» деп қорқытады. Ол жәбірленушілерден ақша алмақ болғанымен, оларда жеткілікті мөлшерде ақша болмаған.

Қаскүнем оларға әйелінің базардағы ломбардта жұмыс істейтінін айтып, базарға баруды ұсынған. Оқиға орнына келген жәбірленушілер құны 70 мың теңге тұратын «Редми» маркалы ұялы телефонын кепілге қалдырып, гаджетті бір күннен кейін алып кетуге келіскен. Осыдан кейін күдікті телефон қоңырауларына жауап бермеген», - делінген қалалық ПД хабарламасында.

Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азаматтың елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары