Бұл қызметті Қанат Мұқанов атқарып жүрген болатын
Пара алды деген күдікпен Орал қалалық көші-қон қызметі бөлімінің лауазымды басшысы ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, полиция қызметкері анықтама беру мерзімін жеделдеткені үшін пара алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Мой город» порталының мәліметінше, 11 сәуір күні сағат 15:25-те сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Орал қалалық ІІБ көші-қон қызметі бөлімінің бастығын ұстаған.
«Ол тиісті анықтаманы жеделдетіп беру үшін 50 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған», - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, бұл қызметті Қанат Мұқанов атқарып жүрген болатын. Алайда, бүгін, 12 сәуірде Орал қалалық ІІБ Қ. Мұқановтың кеше ғана, яғни 11 сәуірде басқа жұмысқа ауысып кеткенін хабарлады. Оның нақты қайда кеткені туралы нақты ақпарат жоқ.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қазірше тиісті ақпараттың жоқ екенін алға тартып, жағдайға қатысты түсінік беруден бас тартты. Полиция департаменті де өз қызметкерінің ұсталуына қатысты пікір білдірмеді.
Ал облыстық соттың баспасөз қызметі тергеу сотына полицейдің ұсталғаны туралы хабарлама ғана келгенін, санкцияның әлі шығарылмағанын мәлімдеді.
Қазіргі кезде өзге мәліметтер зерттеліп жатыр.